Онкологиялық орталықтарға пациенттер жиі онкомаркерлердің нәтижелерімен келіп, «Дәрігер, бәрі дұрыс па?» деп сұрайды. Бұл неліктен қате стратегия екенін ҚазОжРҒЗИ онкологы Иннара Тұрпенова түсіндіреді.
«Біз жылдам және нақты жауап алуға деген ұмтылысты түсінеміз. Алайда, мынаны білу маңызды: онкомаркерлер сау адамдарда қатерлі ісікті алғашқы анықтауға арналмаған және аурудың жоқтығына кепілдік бола алмайды».
Онкомаркерлер дегеніміз не және оларды қашан қолданған жөн
Онкомаркерлер – бұл қатерлі ісіктер пайда болған кезде деңгейі өзгеруі мүмкін қанның биохимиялық көрсеткіштері. Алайда, олардың жоғарылауы дені сау адамдарда да – қабыну үдерістерінде, қатерсіз ауруларда, гормондық өзгерістерде, жүктілікте, сондай-ақ жасына қарай физиологиялық ауытқуларда болуы мүмкін.
Бұл жоғары көрсеткіштің «қатерлі ісік» диагнозына тең емес екенін, ал қалыпты нәтиженің аурудың, әсіресе ерте кезеңдердегі бар екенін жоққа шығармайтынын білдіреді.
Шындығында тәуекелдерді азайтатын нәрселер
Қазақстанда әлемдік стандарттарға негізделген және онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған мемлекеттік скрининг бағдарламалары жүзеге асырылуда. Тәуекелдерді азайту және патологияны уақытында анықтау үшін маңызды:
- Жасқа және жынысқа байланысты ұйымдастырылған скринингтік тексерулерге қатысу.
- Профилактикалық тексерулерден үнемі өту.
- Симптомдар пайда болған кезде дәрігерге қаралу.
- Өз денсаулығына назар аудару.
Қатерлі ісік бір қан талдауымен емес, жүйелі диагностика жүйесімен анықталады.
Көп тараған жалған түсініктер
1 дақпырт сөз. Онкомаркерлер қатерлі ісік бар екенін көрсетеді.
Шын мәнінде – жоқ. Онкомаркерлер дербес диагностикалық құрал болып табылмайды. Соңғы диагноз тек кешенді тексеру нәтижелері негізінде қойылады.
2 дақпырт сөз. Қалыпты көрсеткіштер онкопатологияның жоқтығына кепілдік береді.
Ерте сатыларда (I-II саты) ісіктердің көпшілігі онкомаркерлердің көтерілуімен қатар жүрмейді.
3 дақпырт сөз. Онкомаркерлер скринингке жарамды.
Тиімді скрининг – бұл ауруды симптомдар пайда болмай тұрып анықтайтын және өлім-жітімді азайтатын әдіс. Онкомаркерлер тиімді скрининг өлшемшарттарына сәйкес келмейді.
4 дақпырт сөз. «Тек қауіпсіздік үшін» тапсырған дұрыс.
Бақылаусыз тексеру жалған оң нәтижелерге, қосымша диагностикалық процедураларға, психологиялық стресске және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін.
Онкомаркерлер қашан қажет болады?
Клиникалық тәжірибеде олар пайдаланылады, бірақ басқа мәнмәтінде:
- емдеу тиімділігін бақылау үшін;
- операциядан кейін пациенттің жағдайын бақылау үшін;
- ықтимал қайталануды анықтау үшін;
- диагнозы бұрыннан қойылған пациенттерде.
Бұл – бастапқы диагностика әдісі емес, бақылау құралы.
«Бір ғана талдау арқылы бақылау иллюзиясын жасамаңыз. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарау – маманмен кеңесу, скринингке қатысу және уақтылы тексеруден өту. Бұл Сіздің денсаулығыңыз бен өмір сапасына қосқан басты үлесіңіз», – деп атап өтті Иннара Турпенова.

















